КаталогҚұжаттамаСтатистика
  1. Басты бет
  2. Пайдаланушы келісімі

Smart Bridge порталының Пайдаланушылық келісімі

Астана қ., 2026 жылы «24» қыркүйек

PDF жүктеп алу

1. Жалпы ережелер

1.1. Осы Пайдаланушылық келісім (бұдан әрі — Келісім) https://sb.egov.kz мекенжайы бойынша орналасқан Smart Bridge интеграциялық платформасының (бұдан әрі — Smart Bridge платформасы) сервистеріне қолжетімділікті ұйымдастыру, пайдалану және қызметтерді ұсыну шарттарын айқындайды және Пайдаланушы мен Оператор — «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамы (бұдан әрі — Оператор) арасындағы қатынастарды реттейді.

1.2. Платформа SaaS (Software-as-a-Service) моделі бойынша «электрондық үкіметтің» веб-порталының сервистер тізіліміне енгізілген интеграциялық сервистерге қолжетімділікті қамтамасыз етеді.

1.3. Пайдаланушы Smart Bridge платформасын пайдаланғанға дейін, ЭЦҚ арқылы авторизациядан өткеннен кейін Келісіммен толық танысуға міндетті.

1.4. Пайдаланушының «Мен Пайдаланушылық келісім шарттарымен танысқанымды және оларды қабылдайтынымды растаймын» деген тұжырымы бар чекбокста белгі (галочка) қоюы және Smart Bridge платформасында авторизациядан өтуі Келісім шарттарын толық және сөзсіз қабылдау болып табылады.

1.5. Келісім шарттарымен, сондай-ақ енгізілген өзгерістермен келіспеген жағдайда, Пайдаланушының Smart Bridge платформасын пайдалануы дереу тоқтатылуы тиіс.

1.6. Келісімге өзгерістер жарияланғаннан кейін Smart Bridge платформасын пайдалану Пайдаланушының Келісім шарттарына енгізілген өзгерістермен сөзсіз келісетінін білдіреді.

1.7. Келісімді қабылдай отырып, Пайдаланушы Smart Bridge платформасы және электрондық үкіметтің компоненттері арқылы өзіне қызмет көрсету, сондай-ақ Көрсетілетін қызметтердің (көрсетілетін) сапасын жақсарту мақсатында мемлекеттік органдарда бар азаматтардың, шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың дербес деректерін және Smart Bridge платформасындағы өзге де ақпаратты жинау, өңдеу, сақтау, жүктеп алу және пайдалану үшін жауапкершілікті өзіне алады.

1.8. Келісім Smart Bridge платформасына кедергісіз қол жеткізу және оны тиісінше пайдалану үшін қажетті қағидаларды белгілейді.

2. Терминдер мен анықтамалар

2.1. Оператор – «Smart Bridge» интеграциялық платформасының иесі болып табылатын және Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің міндетін атқарушының 2018 жылғы 29 наурыздағы № 123 бұйрығымен бекітілген «Электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілерін интеграциялау қағидаларына сәйкес Smart Bridge платформасының сервистеріне қолжетімділікті пайдалану және ұйымдастыру жөніндегі қызметтерді ұсынатын «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамы.

2.2. Платформа — Қызметтерге қолжетімділікті ұйымдастыру үшін SaaS моделі бойынша жұмыс істейтін, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін мемлекеттік органдармен және жеке бизнеспен интеграциялау процесін жеңілдетуге бағытталған ақпараттық-коммуникациялық қызметті ұсынатын «Smart Bridge» платформасы.

2.3. Пайдаланушы — Платформада тіркелген және Оператормен Платформа сервистерін пайдалану және оларға қолжетімділікті ұйымдастыру бойынша қызметтер көрсетуге шарт жасасқан заңды тұлға немесе ЖК.

2.4. Сервис — Платформаның витринасына енгізілген электрондық көрсетілетін қызмет, интеграциялық модуль немесе функционалдылықтың өзге де бірлігі.

2.5. Өтінім — Сервиске қол жеткізу немесе өзіндік сервисті жариялау үшін Пайдаланушы Платформа арқылы жіберетін электрондық нысан.

3. Тіркеу және қолжетімділік

3.1. Платформаны пайдалану үшін Пайдаланушы ЭЦҚ пайдалана отырып тіркеуден өтеді және Келісіммен келісетінін растайды.

3.2. ЭЦҚ пайдаланып жасалған әрекеттер Пайдаланушының уәкілетті өкілі жасаған әрекеттер болып есептеледі.

3.3. Платформаның жеке кабинетінде көрсетілген электрондық мекенжай жариялау/өзектілендіру/қосу/жою өтінімдерінің дәрежесі өзгерген жағдайда хабарламалар алуға арналған.

3.4. Авторизацияланған Пайдаланушы Келісімді қабылдаған болып есептеледі.

3.5. Пайдаланушы өзі туралы шынайы, дәл және толық ақпарат беруге және бұл ақпаратты өзекті күйде ұстауға келіседі.

3.6. Егер Пайдаланушы бұрыс тіркеу ақпаратты берсе немесе берілген тіркеу ақпараты сенімсіз, толық емес, дәл емес және Келісім шарттарын бұзады деп ойлауға негіз болса, немесе Пайдаланушы өзгенің деректерін пайдаланса, Оператор қолжетімділікті тоқтата тұруға немесе одан бас тартуға құқылы.

4. Қызмет көрсету шарттары

4.1. Қызметтер Оператор мен Пайдаланушы арасында жасалған шартқа сәйкес тарифтік жоспарлар бойынша SaaS-жазылым нысанында ұсынылады.

4.2. Ұсынылатын құқықтардың көлемі, қолжетімділіктің техникалық параметрлері, SLA және Сервистердің өзге де сипаттамалары Оператор мен Пайдаланушы арасында жасалған шартқа сәйкес жекеше шарттарда белгіленеді.

4.3. Оператор төлем мерзімі кешіктірілген, Келісім талаптарының бұзылуы анықталған жағдайда, сондай-ақ уәкілетті органдардың нұсқамасы бойынша қолжетімділікті шектеуге немесе тоқтата тұруға құқылы.

5. Қосу тәртібі

5.1. Сервиске қосылу үшін Пайдаланушы барлық талап етілетін деректер мен құжаттарды қоса бере отырып, белгіленген нысанда өтінім береді.

5.2. Өтінім Платформада белгіленген мерзімде қаралады және сервис иесінің де, Оператордың да мақұлдауына жатады.

6. Пайдаланушының дербес деректері

6.1. Келісім шарттарымен келісе отырып және дербес деректерді ұсына отырып, Пайдаланушы Оператордың дербес деректерді жинауына және өңдеуіне (соның ішінде жүйелеу, жинақтау, сақтау (талап қою жағдайларына қоса), нақтылау (жаңарту, өзгерту), пайдалану (пайдаланушылармен жеке байланыс мақсаттарын қоса), тарату (үшінші тұлғаларға қоса беруді), иесіздендіру, бұғаттау және жою, ұсынылған дербес деректерді орналастыру/көрсету) келісімін білдіреді.

7. Тараптардың құқықтары мен міндеттері

7.1. Пайдаланушы міндетті:

7.1.1. авторизациялау кезінде Операторға дәл және толық ақпарат беруге;

7.1.2. өзін басқа тұлға ретінде көрсетпеуге, құрамында вирустары немесе басқа зиянды бағдарламалық қамтылымы бар материалдарды пайдаланбауға немесе Платформаға және ондағы деректерге өзгеше түрде зиян келтірмеуге;

7.1.3. алынатын деректердің құпиялылық режимін және деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және олардың жария етілуіне жол бермеуге;

7.1.4. Келісім шарттарын тиісінше сақтауға;

7.1.5. Қазақстан Республикасының заңнамасын немесе халықаралық құқық нормаларын бұзу деп қарастырылуы мүмкін іс-әрекеттерді, сондай-ақ Платформа мен оның компоненттерінің, сервистерінің қалыпты жұмысының бұзылуына әкеп соғатын немесе әкеп соғуы мүмкін кез келген іс-әрекеттерді жасамауға;

7.1.6. Платформаны пайдалану кезінде Оператордың мүліктік және мүліктік емес құқықтарын сақтауға;

7.1.7. Платформаны пайдалана отырып, жеке немесе заңды тұлғалар туралы кез келген құпия және Қазақстан Республикасының заңнамасымен қорғалатын ақпаратты таратпауға;

7.1.8. Платформаны және Платформада алынған ақпаратты терроризм, экстремизм, ұлтаралық араздықты қоздыру мақсатында және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынған өзге де мақсаттарда пайдаланбауға;

7.1.9. Платформаны пайдалану кезінде заңнама талаптарын, Келісімді, шартты және Оператор қызмет көрсету шеңберінде әзірлеген және қолданатын өзге де құжаттарды сақтауға, Оператордың сұрауы бойынша қосымша мәліметтер мен құжаттарды, соның ішінде Пайдаланушыдан сұралатын мәліметтер Операторға заңнамаға сәйкес жүктелген міндеттерді орындау үшін қажет болғанда ұсынуға.

7.2. Пайдаланушы құқылы:

7.2.1. Платформаны пайдалануға қол жеткізуге;

7.2.2. Платформада бар барлық қызметтерді пайдалануға, сондай-ақ Платформада ұсынылатын кез келген Қызметтерді сатып алуға;

7.2.3. қызметтерге қатысты кез келген сұрақтарды қоюға;

7.2.4. Платформаны тек Келісімде көзделген және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған мақсаттарда және тәртіппен пайдалануға.

7.3. Оператор міндетті:

7.3.1. Платформаның жұмыс істеуін қамтамасыз етуге;

7.3.2. Пайдаланушыға Келісім шартына сәйкес өз жүйелеріндегі деректерге қолжетімділікті қамтамасыз етуге;

7.3.3. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, Пайдаланушының қол жеткізуіне арналған сеніп тапсырылған парольді деректер алмасу процесіне қатысы жоқ бөгде тұлғалардан құпия сақтауға;

7.3.4. Платформаға техникалық қолдау көрсетуді қамтамасыз етуге және Платформаны пайдалану кезінде туындайтын барлық мәселелер бойынша Пайдаланушылардың өтініштері үшін байланыстың оңай тәсілін ұсынуға.

7.4. Оператор құқылы:

7.4.1. қажет болғанда Пайдаланушы енгізген деректердің дұрыстығын, соның ішінде мемлекеттік органдар мен ұйымдарға жүгіну арқылы тексеруге;

7.4.2. Платформаны пайдалану қағидаларын өзгертуге, сондай-ақ осы Платформаның мазмұнын өзгертуге. Өзгерістер Платформада жарияланған сәттен бастап күшіне енеді;

7.4.3. Келісім шарттарын кез келген уақытта біржақты тәртіппен өзгертуге. Мұндай өзгерістер Келісімнің жаңа нұсқасы Платформада орналастырылған сәттен бастап күшіне енеді, бұл ретте Келісімнің алдыңғы нұсқасы өз күшін жояды;

7.4.4. Пайдаланушы Келісім шарттарын бұзғанда, сондай-ақ үшінші тұлғалар тарапынан бұзушылықтарға жол берілген жағдайда Платформаға қолжетімділікті шектеуге;

7.4.5. Пайдаланушы пайдаланатын, Платформада қамтылған ақпаратты, соның ішінде Пайдаланушының Платформадағы іс-әрекеттері туралы ақпаратты және т.б. жинауға, талдауға, пайдалануға, таратуға;

7.4.6. Пайдаланушыға ескертусіз кез келген уақытта Платформаның безендірілуін және Пайдаланушы интерфейсін, оның мазмұнын, ұсынылатын функциялардың мазмұнын және Платформада пайдаланылатын немесе сақталатын басқа объектілерді өзгертуге;

7.4.7. Платформаға, сондай-ақ ұсынылатын ақпаратқа қатысты өзінің интеллектуалды құқықтарын қорғау үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған кез келген шараларды қолдануға.

8. Тараптардың жауапкершілігі

8.1. Пайдаланушы ұсынылған деректердің дұрыстығына және Платформамен өзара іс-қимыл шарттарының сақталуына жауапты болады.

8.2. Оператор өзіне байланысты емес себептермен (байланыс үзілістері, үшінші тұлғалардың әрекеттері, Пайдаланушы тарапындағы іркілістер) Платформаға және оның Сервистеріне қол жеткізу мүмкін болмағаны үшін жауап бермейді.

8.3. Тараптар еңсерілмейтін күш (форс-мажор) жағдайлары туындаған кезде міндеттемелерді орындамағаны үшін жауапкершіліктен босатылады.

8.4. Келісім шарттарын бұзу Келісім тараптарының барлығына немесе біріне зиян келтіруге әкеп соққан жағдайда, кінәлі тарап Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапты болады.

8.5. Оператор жауапты емес:

8.5.1. Операторға байланысты емес себептер бойынша Платформаның және оның компоненттерінің жұмысындағы техникалық уақытша іркілістер мен үзілістер үшін (желілік іркілістер немесе интернет қосылымындағы проблемалар, сыртқы шабуылдар немесе хакерлік араласулар, табиғи, техногендік сипаттағы апаттар, сервис иелері жағындағы сервистердің қолжетімділігіндегі іркілістер);

8.5.2. SmartBridgeBot Телеграм чат-боты арқылы Платформа мен оның компоненттеріне қызмет көрсету бойынша жоспардан тыс іс-шаралар жүргізілген жағдайда пайдаланушыларды уақтылы хабардар ету үшін;

8.5.3. Пайдаланушы тарапынан Платформаға және оның компоненттеріне қол жеткізу мүмкіндігі берілген Пайдаланушының және үшінші тұлғалардың іс-әрекеттері үшін;

8.5.4. Пайдаланушылардың Платформаны және оның компоненттерін пайдалануынан немесе пайдалану мүмкін еместігінен, сондай-ақ Оператордың Келісім шарттарын өзгертуінен туындаған кез келген тікелей, жанама залал, соның ішінде айырылып қалған пайда, пайдаланудан келетін залал, деректерді жоғалту немесе кез келген басқа материалдық емес шығындар, беделге нұқсан келу және өзге де залалдар үшін.

8.6. Пайдаланушы толық жауапты болады:

8.6.1. Платформада және оның компоненттерінде авторизациялау кезінде ұсынылатын деректердің дұрыстығына, сондай-ақ Платформаны пайдалану процесінде деректерді уақтылы жаңартуға және түзетуге;

8.6.2. Пайдаланушы тарапынан Платформаға және оның компоненттеріне қол жеткізу мүмкіндігі берілген үшінші тұлғалардың іс-әрекеттері үшін.

8.7. Пайдаланушы дұрыс емес мәліметтерді ұсыну нәтижесінде туындаған барлық тәуекелдер мен ықтимал залалды, сондай-ақ құпия ақпаратты үшінші тұлғаларға бергені үшін жауапкершілікті өз мойнына алады.

9. Пайдаланушылық келісім шарттарын бұзу

9.1. Оператор, егер ақпаратты ашу Платформаны заңсыз пайдалануға қатысты тергеуге немесе шағымға байланысты немесе басқа пайдаланушылардың құқықтарын бұзуы немесе оған араласуы мүмкін Пайдаланушыны анықтау (сәйкестендіру) үшін қажет болса, жиналған кез келген ақпаратты ашуға құқылы.

9.2. Оператор Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Пайдаланушы мен үшінші тұлғалар жасаған іс-әрекеттер туралы ақпаратты ашуға құқылы.

9.3. Егер Пайдаланушы Келісімді немесе өзге құжаттарда қамтылған Платформаны пайдалану шарттарын бұзса, сондай-ақ Платформаның жұмысы тоқтатылған жағдайда немесе техникалық ақаулық немесе проблема себебінен Оператор Пайдаланушыға алдын ала ескертусіз Платформаға қолжетімділікті тоқтатуға және (немесе) бұғаттауға құқылы.

9.4. Пайдаланушы Келісімнің немесе Платформаны пайдалану шарттары қамтылған өзге құжаттың кез келген ережесін бұзған жағдайда, Оператор Платформаға қолжетімділікті тоқтатқаны үшін Пайдаланушы немесе үшінші тұлғалар алдында жауап бермейді.

10. Ақпараттың құпиялылығы

10.1. Дербес деректерді беру және өңдеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

10.2. Пайдаланушы құпиялылық режимінің сақталуына бақылау орнату арқылы Келісім шеңберінде алынған құпия ақпаратқа қолжетімділікті шектеуге міндетті.

10.3. Пайдаланушы өзі немесе үшінші тұлға тарапынан орын алған немесе белгілі болған құпия ақпаратты жария ету немесе жария ету қаупі, заңсыз алу немесе заңсыз пайдалану фактісі туралы ақпаратты Операторға дереу хабарлауға міндетті.

10.4. Пайдаланушы Келісім немесе өзге де заңды негіз бойынша тиісті құпия ақпаратты Пайдаланушыдан алу құқығы берілген тұлғаларды қоспағанда, кез келген үшінші тұлғаларға құпия ақпаратты жария етпеуге, беруге, қандай да бір тәсілмен мәлім етпеуге немесе оны пайдалануға рұқсат бермеуге тиіс.

11. Қорытынды ережелер

11.1. Келісімнен туындайтын немесе оған байланысты барлық ықтимал даулар Оператор орналасқан жер бойынша Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес шешілуге тиіс.

11.2. Пайдаланушылардың кез келгені Келісім ережелерін бұзған жағдайда Оператор тарапынан әрекетсіздік танытылуы Операторды кейінірек өз мүдделерін қорғау және заңнамаға сәйкес қорғалатын Платформа материалдарына мүліктік және мүліктік емес құқықтарын қорғау үшін тиісті әрекеттер жасау құқығынан айырмайды.

11.3. Оператор Пайдаланушыға немесе үшінші тұлғаларға Пайдаланушының Платформаға немесе оның жекелеген функцияларына қол жеткізуден бас тартқан, не мұндай қол жетімділік тоқтатылған және/немесе бұғатталған Келісім шарттарын бұзғанын растайтын қандай да бір дәлелдемелерді, құжаттарды және өзге де мәліметтерді ұсынуға міндетті емес.

11.4. Платформа Оператордың зияткерлік меншік құқығының объектісі болып табылады. Пайдаланушылардың Платформаны пайдалануы қатаң түрде Қазақстан Республикасының зияткерлік меншік құқықтары туралы Келісімі және заңнама шеңберінде мүмкін болады.

11.5. Пайдаланушы, егер Оператор мұндай рұқсатты бермесе, Платформаның қандай да бір бөліктерін қайта жаңғыртпауға, қайталамауға, көшірмеуге келіседі.

11.6. Келісім Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес реттеледі және түсіндіріледі. Келісіммен реттелмеген мәселелер Қазақстан заңнамасына сәйкес шешілуге жатады.

11.7. Келісімнің орыс және қазақ тілдеріндегі мәтіндері арасында алшақтықтар туындаған жағдайда, орыс тілінде жасалған мәтіннің басым заңдық күші болады.

Smart Bridge

Мемлекеттік органдармен бір өтінім арқылы деректер алмасу.

Платформа

  • Каталог
  • Қалай қосылу керек
  • Қалай жариялау керек
  • Танымал сервистер
  • Құжаттама

Қолдау

  • Telegram-бот
  • sb.egov@nitec.kz
  • Жиі қойылатын сұрақтар

Жаңалықтар

  • t.me/sb_shep
  • Статистика

© 2026 «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ.Пайдаланушы келісімі